KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
Халық педагогикасы арқылы мектеп оқушыларына ізгілік тәрбие беру
Халық педагогикасы арқылы мектеп оқушыларына ізгілік тәрбие беру
25 апреля 2022    Автор / А. Қ. Дүйсенбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, педагогика және психология институты директорының орынбасары, п.ғ.к., профессор, Алматы қаласы А. С. Токбасова, Адамның үйлесімді даму ұлттық институтының аға оқытушысы

Көп ұлтты Қазақстан халқы үшiн адамгершілік сезiмiнiң рухани саладағы тату-тәттi тiрлiк, азаматтық келiсiмге ғана емес, мемлекеттiк материалдық негiзiн нығайтуға да тiкелей ықпалы бар. Ізгілік тәрбие негізі – қазақ елiнiң әлемдiк өркениеттi елдер көшiне қосылып, дүниежүзiлiк қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкiндiк беретiн бiрден-бiр күш.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк «Бiлiм» бағдарламасында тәрбие жүйесiн жетiлдiруге байланысты алға қойған негiзгi мақсаты – «iзгiлiк және жалпыадамзаттық құндылықтар идеяларының негiзiнде тәрбиеленушiнiң жеке тұлға ретiндегi сапалық қасиетiн дамыту» деп, бүгiнгi ХХI жаһандану ғасырында ұлттық мәдениет пен өркениеттi өзара кiрiктiре отырып, жеке тұлға қалыптастыру көзделiп отыр.

Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат – ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ізгілік тәрбиесі туралы ой-пікірлердің дамуын, халқымыздың шынайы ұлттық тұлғасы болған ақын-жазушы, ғалым және қоғам қайраткерлерінің үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде пайдалану қарастырылып келеді.

Қазақ этнопедагогикасындағы білім – өз мәні жағынан оқушылардың ішкі дүниесін, оның рухани-адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады. Мұның өзі қазақ халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді.

Халқын сүйетін және адал қызмет ететін жастарды тәрбиелеуге келгенде, қазіргі қоғамда демократиялық өзгерістерге орай адамгершілік және ізгілік тәрбие беруде халық педагогикасы оқушылардың рухани азығына айналып отыр.

Оқушылар бойында ізгілік сананы қалыптастыру тек қана жиын өткізумен шектеліп қалмауы тиіс. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс – оқу-тәрбие үдерісінің ең өзектісі, ең маңыздысы болып белгіленуі қажет.

Қазақ халқының ізгілік тәрбиесі – тереңнен тамыр тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетану көзқарасының, ақыл-ойы мен салт-дәстүр мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытпай тұрып, келер ұрпақты адамгершілік пен имандылық тәрбиеге лайықты қалыптастырып, алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен ақыл-қайратын жұмсап, яғни нағыз патриоттарды тәрбиелеп шығару мүмкін емес.

Сайып келгенде, оқушылардың ізгілік тәрбиесі негізінде жан-жақты жетілген «сегіз қырлы, бір сырлы», құзыреті жоғары маман етіп тәрбиелеу қажет. Біздің проблемамыздың өзегі болып отырған халық педагогикасының негізінде ізгілікке тәрбиелеу – осы пайымдаулардан өрбиді. Мұндай көкейкесті ізгі мақсатты іске асыру жолында мынадай тәрбиелік ұстанымдар басшылыққа алынады:

-   Біріншіден, жеке тұлғаның елін, жерін сүйетін гуманист азамат болуын ойластыру. Бұл алдымен, қадірлі қариялардың, көпке сыйлы үлкендердің бата-тілектерінде, ырым-жоралыларында өзекті орын алады.

-   Екіншіден, оқушылардың еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Бұл мақсаттағы ой-пікірлер қазақтың халық шығармашылығында мол кездеседі.

-   Үшіншіден, «бірінші байлық – денсаулық» деген қағиданы пір тұтқан халқымыз тән сұлулығына ерекше мән берген. «Тәні саудың – жаны сау!», «Тән жарасы мен жан жарасы – егіз» деп дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.

-   Төртіншіден, халық педагогикасының ықпалы арқылы ұрпақ бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді орнықтыруға парасат иесі етіп тәрбиелеуге ұмтылған, ізгілікке, адалдыққа, ар-ұжданды қастерлеуге, уәдеге берік болуға тәрбиелеген. «Жаным – арымның садағасы», «Жан сақтама, ар сақта!», «Тәні сұлу сұлу емес, жаны сұлу – сұлу» деп арды, адалдық пен қасиетті бәрінен жоғары қойған.

-   Бесіншіден, патриоттық сезімнен ажыратып алғысыз гуманизм халық педагогикасының басты қағидаларының бірі. «Отан – отбасынан басталады» деген даналыққа ұйыған халқымыз ұрпағын ата-ананы, үлкендер мен кішілерді құрметтеуге, елдің, халықтың қамқоршысы болуға үндеген.

-   Алтыншыдан, «Білім – таусылмас кен, өнер – өлмес мұра», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер», «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» т.б. көптеген мақал-мәтелдер тудырған халқымыз осынау құндылықтар – өнер мен ғылым тіршіліктің тұтқасы, өмір шамшырағы деп білген.

Сондықтан халқымыздың өте бай ауыз әдебиеті нұсқаларындағы мақал-мәтелдердің мән-мағынасын өскелең ұрпаққа насихаттап, санасына сіңіріп отыру ќажет.

Жоғарыда келтірілген тәрбиелік ұстанымдарға сәйкес қорытынды жасауға болады:

Орта мектептерде оқушыларға ізгілік тәрбие беруде, халық педагогикасының материалдарын үнемі пайдалану қажет;

– Оқушыларға ізгілік тәрбие берудің негізінде қазақ халқының ұлттық ойындары ғылыми тұрғыда зерттеліп, халық педагогикасына байланысты зерттеу жұмыстары ұйымдастырылып отырса, педагогика ғылымына қосылған үлес болар еді.

Мектепте балалардың ізгілік тәрбиесін қалыптастыруды зерттеу – күрделі және көпсалалы болғандықтан, оның барлық жақтарын қамтып шығу мүмкін емес. Мектеп педагогтерден ізденісті, жаңа формалар мен әдістерді талап етеді. Сонымен қатар мектеп және отбасы арасындағы өзара сабақтастықты ескеру қажет, себебі баланың тәрбие ортасы – отбасы болып табылады.

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.