KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
Жалпыадамзаттық құндылықтар – отбасы тәрбиесінің негізі
Жалпыадамзаттық құндылықтар – отбасы тәрбиесінің негізі
29 апреля 2022    Автор / А. Б. Байсеитова, № 212 мектеп-гимназияның өзін-өзі тану пәні мұғалімі, Қызылорда облысы

Отбасы – адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ғана ардақталады. Ал қоғамдағы адамгершілік тәрбиесі – адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, парасатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып, жетілдіруде жалпыадамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған тәрибенің бір бөлігі.

Рухани-адамгершілік тәрбие негізі отбасынан туындап, отбасынан әрі қарай дамиды. Отбасы өзінің күшімен, тәрбиелік қолдауымен баланың қалыптасуына жетекшілік етеді. Отбасылық құндылықтары қандай болса, өнегелі тәрбие деңгейі де сондай болмақ. Осы орайда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығының мән-мазмұны айқындалғандай.

Атақты швейцариялық педагог-демократ Иоганн Генрих Песталоцци жеке тұлғаның дамуында «өз үйінің» ықпалы мектептен де, мемлекеттен де артық деп бағалады. Өйткені оның тәрбиелік қызметінің мақсаты – мейірбанды аналар мен әкелер тәрбиелеу болды. Адамзат баласына қайғы-қасірет әкелетін негізгі себебі – отбасының құлдырауы деп түсінді.

Отбасы тәрбиесі – жалпыадамзат тәрбиесінің асылы. «Бір әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деген мақалдың шындығы осында жатыр.

Қазіргі таңда әлемдік жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға тигізетін кері ықпалы күшейіп келеді. Қоғамымызда осындай үдерістердің көбеюі салдарынан жас буын жат елдің мәдениетіне еліктеп, сан ғасырлық ата-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастады. Осыған орай жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды.

Әлемдік өркениет – мәдениеттердің кірігуі емес, әр халық мәдениетінің өз болмысын сақтай отырып, әр халықтың өзін-өзі танып білуі, өркениетті елдер арасында тең дәрежеге жетуі.

Тілін, дінін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін қадірлей білген халық толыққанды ұлт болады. Ал қоғамда осындай үдерісті сақтаудың маңызды институтын қалыптастыруда отбасы бірден-бір тірек бола алады. Сондықтан да ең алдымен дәстүрлі отбасылық құндылықтардың қадіріне жетіп, бағалау қажет.

Отбасының тірегі – әке мен ана. Жеке тұлғаны әлеуметтендіру, яғни оның қоғамға енуі, өзгелермен қарым-қатынасы отбасынан бастау алады. Үлкенді құрметтеп, қадір тұтуды, сыйласа білуді қазақ халқы отбасында берік ұстанған. «Ұл тәрбиелеп отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелеп отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген ұлағатты сөз отбасындағы ана тәрибесінің маңыздығын көрсетеді.

Адамзат бойына ұлттық құндылықтар мен мейірімділік, ізгілік, шынайы махаббат қасиеттері анадан беріледі. Анасы жақсы көрсе, баласы да жақсы көреді. Анасы кімге сенсе, бала да оған сенеді. Анасы өз бойында үміт, сенім, сүйіспеншілік, мейірімділік, жылулық деген сезімдер мен қасиеттерді оятқанда барып, ол қасиет балаға беріледі.

Халқымызда ұрпақ тәрбиелеуде даналықтың шегіне жеткен аналарымыз жетерлік. Бір ғана отбасы емес бір қауым елді ұйыстырып, бірлікте ұстаған Зере, Ұлжан, Ұлпан, Домалақ аналарымыздың ізін жалғастырып, даналықпен ұрпақ тәрбиелейтін қазіргі кезеңдегі аналарымыз отбасында тәрбиені өз ана тілінде ұлттық құндылықтарды сақтай отырып берілуіне ерекше көңіл бөлуі қажет. Себебі ұрпақтан-ұрпаққа жеткен тарих өз ана тілінде жазылып, сақталады. Кейінгіге мұра болып қалады.

Әр ұрпақ халықтың рухани өмірінің өшпес іздері мен нәтижелерін қастерлей сақтап, өз ана тілінің алтын қазынасына қосып отырады. Тіл – бұрын өткен, қазір өмір сүріп жатқан және болашақ ұрпақтардың басын қосып, «Мәңгілік Елдің» мәңгілік тарихи тұтастығына апаратын бірден-бір жанды құбылыс, берік байланыс.

Ата-бабамыз «тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Тәрбие – сәби кезінде бесік жырымен басталып, «Алпамыс», «Қобланды», «Қамбар» батыр жырларымен жалғасып, адамгершілікті әспеттейтін қисса-дастандармен сусындап тәрбиенің шыңына жеткен болар едік.

Жан тазалығы мен ар тазалығына негізделген, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық құндылықтарымызға оралу арқылы үлгілі отбасылық тәрбиені берік ұстаған болар едік. Сонда ғана біз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған рухани құндылықтарын жаңғыртып, жандандырып, қоғам өміріне кеңінен енгізген болар едік. Сонда ғана қоғамда рухани құндылықтарымызды бойына сіңіре өскен тәрбиелі ұрпақ арқылы елімізде рухтана түсер еді. Өйткені отбасы тәрбиесін адамзат бар болмысымен өзінің ажырамас бөлігі ретінде қабылдағанда ғана қоғамда ізгілік, адамгершілік рухы басым болады.

Әр халық өзінің жас ұрпағын қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін, ержүрек, ар-ұжданы мол болып өссе дейді және бұл мәселені өзінің тұрмыс-салтына байланысты шешіп те келеді. Дегенмен де біз отбасы құндылығын ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлігі ретінде қарастыра алмай жүрміз.

Жастарымыз босаға киесін ұлықтай алмайтындай хәлде. Жастарымызға, жалпыұлттық салт-дәстүрге негізделген отбасының рөлін сіңіре алсақ, онда халқымыздың санын арттыруға да мүмкіндік алар едік. Әуелі оған мемлекет тарапынан арнайы тетіктер керек. Ол тетіктер отбасын қолдауға бағытталса, берік отбасын құруға жастарды ынталандырар еді...

Отбасы құндылығын сақтау арқылы саналы азаматтар тәрбиеленген адамгершілікті қоғам құруға мүмкіндік туады.

Тәрбиені отбасында тілімізбен, дінімізбен, ұлттық мәдениетімізбен, әдебиетімізбен, салт-дәстүрімізбен үндестіре беру, біріктіру – Мәңгілік Ел болашағының кепілі болмақ. 

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.