KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
ІШКІ ТЫНЫШТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫНЫҢ ПРАКТИКАСЫ
ІШКІ ТЫНЫШТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫНЫҢ ПРАКТИКАСЫ
29 апреля 2022    Автор / З. У. Жумаева, Ю. Гагарин атындағы ЖОББМ, өзін-өзі тану мұғалімі, Исатай ауданы, Атырау облысы

Бүгінгі қоғамның адамдарды көздері ашық, көкірегі ояу, ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі компьютер дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бір нәрсе жеткіліксіз. Ол – рухани-адамгершілік білім. Ол – рухани қажеттілік, рухани азық.

Рухани азықты тауып, дәмін татып, мейірін қандырған адам ғана бұл дүниенің баянсыз бақыттарына жүрек байламай, алаңсыз толық, қанағат кейпіне келіп, өмірден нақты орнын табады. Сонда ғана ол өзінің адам деген атына заты сай кемел дәрежесіне жетеді.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы руханилыққа апарар, ізгілікке бөлер даңғыл жолды ашып берді. «Рухани кәусар бұлаққа барар жол іздеу – әр адамның міндеттерінің міндеті екендігіне сенімдімін» деген сөз іспен қабысса, күнделікті өмірімізде көп нәрсеге көзіміз жетіп, жан әлемімізге сәуле түсер еді.

Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы баланың рухани табиғатын, оның ең жоғарғы көрінісі болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтар арқылы ашудың қажеттілігін көздейді.

Ақиқат, Дұрыс әрекет, Ішкі тыныштық, Сүйіспеншілік, Қиянат жасамау сияқты құндылықтарды жете түсінген адам осы құндылықтарды іс жүзінде қолданып, оларды өз өмірлерінде сүйіспеншілікпен таратса, сол адамды нағыз білімді деп атауға болады дейтін пікір ұстаздарға үлкен жауапкершілік артады.

Құндылықтар практикасы кезінде маған Ішкі тыныштық құндылығы түсті. Курс барысында Ішкі тыныштық құндылығының мәні туралы жан-жақты білім алдым. Лекциядан түйгенім: ішкі тыныштық – бұл сүйіспеншілік пен дұрыс әрекет нәтижесінің жемісі.

Тыныштықты әрбір адам тек қана өзі еңбектеніп тауып, оны сезінуі керек. Тыныштықты табу үшін рухтың күші және сүйіспеншілік керек.

Сүйіспеншілік біздің жан дүниемізбен астасып, күнделікті іс-әрекетімізде көрінгенде ғана шын мәнінде ішкі тыныштықта боламыз.

Кішкентай балалар үшін ішкі тыныштықта болу – табиғи нәрсе. Олар ойнап жүгіріп жүрсе де ішкі тыныштығы сақталады. Өйткені олардың ақылы негізінен тыныш. Олар сол ойынан рахат алады, қуанады. Ал, біз үлкендер ішкі тыныштығы сақталмаса, онда балалардың да тыныштығын бұзамыз. Сондықтан өмірімізді қуаныш, шаттыққа толтыруға тырысып, көңіл күйге әсер ететін, басы артық уайымнан, біреуге өкпелеп ренжіп жүруден, шет-шегі жоқ қалаулардан арылуымыз қажет.

Барлық бақытсыздық адамның тыныштықты өзінің жүрегінен емес, одан басқа барлық жерден іздеуінде. Әр адам өзінің ішкі әлеміне үңілмейінше, өзінің кім екенін түсінуге тырыспайынша, ішкі жан дүниесін шарлаған мазасыздықтан арылмайынша, шегі жоқ қалаулары мен тілектерін тыймайынша тыныштық таппайды екен.

Шектеусіз тілек-қалаулар адамның тыныштығы мен берекесін кетіреді. Сонымен менің түсінгенім: ішкі тыныштықты жан дүниеңде орнатудың бірден-бір жолы – қанағатшылдық, кешірімді болу және айналаңа жақсылық жасау. Міне, нағыз адамшылық осы іс-әрекетті әрбір адамның дұрыс орындауы. Ал біздер, ұстаздар осы іс-әрекеттерді шәкірттеріміздің санасына құйып, дұрыс бағыт беру деп ұғамын. Ол үшін ең алдымен, ұстаз ретінде өз бойымнан өткеріп, алдымен соның бәрін өзім орындауым міндетті.

Курс кезінде жеке және кәсіби өмірімдегі құндылықтар практикасы өзім қызмет ететін Ю. Гагарин орта мектебінде өткіздім. Өзін-өзі тану сабақтарын оқыту барысында тұлға ретінде өзімді рухани жағынан үнемі дамыту үстіндемін. Әркез «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша курстан дәріс алсам екен деп армандайтынмын.

Курстан алған әсерім мол және менің отбасым үшін де өте маңызды болды. Курс қашықтықтан өтсе де, сүйіспеншілікке толы құндылықтардың маңызын ұғындыруға арналған тамаша дәрістерді санамызға дарытқан ұстаздар Р. Мұратханова, Р. Ізғұттынова, С. Қожамұратова, Л. Құлтаева апайларымызға ризашылығым шексіз.

Адамзаттың рухани ұстаздарының даналық ой-пікірлері, іс-әрекеттерінің бірізділігі өзіміздің рухани-адамгершілік тұрғысынан өзгеруімізге, жағымды ойлауға, күнделікті өмірде жалпыадамзаттық құндылықтарды ұстанып, оны жүзеге асыруымызға, өзін-өзі танудың әдістемесін толықтай игеруімізге игі ықпалын тигізуде.

«Құндылықтар практикасы» кезеңінде бағдарламаның негізгі идеяларын жете түсініп, жалпыадамзаттық құндылықтарды сыныпта оқыту тәжірибесінде қолдануға тырыстық.

Әрбір модульге дайындық барысында әлі де көп нәрсе үйреніп, ізденуім керек екенін ұғындым. Әсерленгенім соншалық, тіпті үй-ішіме, әріптестеріме, туыстарыма бес жалпыадамзаттық құндылықтың әр адамның өз өмірі үшін қаншалықты пайдалы екендігін, күнделікті өмірде әр сәтінде құндылықтарды басшылыққа алып, жүзеге асыру керек екендігін дәріптеумен болдым.

Сыртта оқып жүрген ұлымды көп уайымдап, қайта-қайта телефон соғып, маза бермейтінмін. Енді жағымды ойлау арқылы түпкі санама жақсы ойларды жинап, санамды тазартуға, ішкі тыныштығымды орнатуға бекіндім.

Халық даналығында: «Ойыңа не ексең – іс-әрекетіңнен соны жинайсың, іс-әрекетіңді ексең – бейімділікті жинайсың, бейімділікті ексең – әдетті жинайсың, әдетті ексең – мінез-құлықты жинайсың, мінез-құлықты ексең – тағдырыңды жинайсың» деген сөз бар. Бұдан шығатыны, барлығы да ойдан басталады, ал ол – іс-әрекеттен көрініс береді. Егер біз ылғи да әдепті қылықтар мен дұрыс іс жасасақ, тек қана жақсы сөз естіп, жақсыны көруге тырысатын болсақ, назарымыз өмірдің келеңсіз жағына емес, сүйіспеншілік жағына шоғырланады. Тек жақсыны көрсең, жақсыны естісең, жақсы іс жасасаң – ол біртіндеп өмірлік дағдыға айналатынына сеніп келемін. Оқушыларыма да, үйдегі балаларыма да жақсы ой жетегінде жүруді насихаттаудамын. Біз өз ойымызды өз қалауымызша өзгерте аламыз. Менің хоббиім – шахмат ойыны. Шахмат үйірмесі мазмұнына жалпыадамзаттық құндылықтарды интеграциялауды ойланудамын.

Өзін-өзі тану сабағын бастарда біз оқушыларды мазасыздықтан арылып, тек жағымды ойлап, сабырлылыққа келуге, ішкі тыныштығын орнатуға шақырамыз, жағымды көңіл күй жаттығуын жасаймыз. Мұндағы маңыздысы, алдымен мұғалім өзі толық тыныштық күйінде болуы керек.

Ең алдымен  ішкі тыныштық ойда, сезімде, содан соң сөзде, іс-әрекетте көрінуі керек. Оқушыларыма әр таңда өзіміздің тәнімізді тазалап, сыртқы кейпімізді ретке келтіретініміз сияқты әр таң өз ойымызды ретке келтіруіміз керектігін айтып отырамын.

5-сыныпта өткізген «Ар ілімі» тақырыбындағы сабақта оқушыларыма ақиқат жолымен жүріп, айналамызға сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарасақ, жақсыға ұмтылғанда, дұрыс әрекет еткенде ғана, ішкі тыныштықты сезіне алатынын түсіндірдім.

Әр уақытта оқушылардың пәнге ыстық ықыласын, қызығушылығын көріп бұл пәннің болашағы зор болатынына сенемін.

Осы курстан жинап-түйген білімім арқылы менің санамда, мінез-құлқымда, көңіл күйімде оң, терең өзгерістер бар екенін байқаймын. Адамның өмірге деген көзқарасы өзгерді. Бұл ілім менің өміріме көп өзгеріс әкелді, құнды ойлармен санамды толықтырды. Барлық кезде талпыныс, қызығушылық, жылылық, жанашырлық, ризашылық жан дүниемде ашыла берді. Өз бойымда жақсылық жасау, жылы сөз айту, жанашырлық таныту арқылы өзгелерге қуаныш сыйлайтынымды сезіне түстім. Мен үшін жан дүниемді рухани байытқан курс болды. Алдымда үлкен міндет жүктеліп отырғанын да сезінемін.

Ұлтымызға тән даналық қасиеттерге сүйене отырып, жас ұрпақтың ой-ниет тазалығын сақтауға, ақиқаттың ақ жолын таңдауға, риясыз сүйіспеншілікпен дұрыс әрекет жасауға, бүгінгі «беймаза» заманда ішкі тыныштық орната алуға, адам деген  ардақты атқа лайық өмір сүріп, өмірде өз орнын таба алуға бағыттай білу – біздің, өзін-өзі тану мұғалімдерінің ең басты міндеті екенін түсінемін.

 

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.