KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
БАЛАНЫҢ ЖЕКЕ ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫНДА ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫ ТҰРҒЫДАН МАҢЫЗЫ
БАЛАНЫҢ ЖЕКЕ ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫНДА ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫ ТҰРҒЫДАН МАҢЫЗЫ
29 апреля 2022    Автор / Б. Б. Каймолдаева, Білім беруді дамыту орталығының әдіскері, Түркістан облысы

Өзін-өзі тану пәннің негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны танып, өзінің жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі тану негізінде рухани-адамгершілік әлеуетін көтеру, баланың өзіндік «Менін» қалыптастыру.

Жеке тұлғаның психологиялық, рухани, әлеуметтік және шығармашылық дамуының үйлесімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін рухани-адамгершілік білім беру жүйесінде өзін-өзі тану пәні арқылы жүзеге асады.

Өзін-өзі танудың пәндік саласы әр оқушының ішкі жан дүниесін, байытуы және өзіндік қайталанбас жеке даралығын пайымдауы арқылы табиғи қабілеттері мен жасампаздық әлеуетін ашуға бағытталған мақсатты білім беру үдерісін көздейді.

Өзін-өзі тану пәнінің оқу-әдістемелік құралдары оқушылардың қоғамға және өз-өзіне қызмет етуіне бағытталып, олардың жасампаздық белсенділігін танытуға мүмкіндік беретін өмірлік маңызы бар, кең ауқымды біліктілік дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.

Өзін-өзі тану адамның қоршаған ортаны дұрыс қабылдауынан, оларға деген қарым-қатынасынан басталады. Осы пән арқылы баланы мәдениеттілікке, сыпайылыққа, әдептілікке баулу – ата-анасының да, қоғамның да, мектептің де ең басты міндеті.

Болашақ ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген.

Жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді. Міне, осындай үйлесімділік болған жағдайда бүгінгісін ғана емес, болашағын сәулелі күйде елестетіп, алға ұмтылатын, арманшыл, қиялы асқақ, рухы биік азамат тәрбиелеуге болады.

Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік сабағы – сол көздеген нысанаға жетелейтін шамшырақ іспетті пән.

Бала – кең әлемдегі ең пәк, ең таза асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы оны қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ.

Мектеп – білім ошағы, тәрбие ортасы, тағылым табалдырығы. Осы ұлағатты ұяда жоғары ізгілік мұраттардың ең құндысы рухани-адамгершілік тәрбие берудің ошағы – өзін-өзі тану пәні десек, өте орынды. Пәннің әр тарауы, әр тақырыбы болашақ ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптері мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген.

Өзін-өзі танудың пәндік саласы әр оқушының ішкі жан дүниесін байытуға және өзіндік қайталанбас жеке даралығын пайымдауы арқылы табиғи қабілеттіліктері мен жасампаздық әлеуетін ашуға бағытталған мақсатты білім беру үрдісін ұйымдастыруды көздейді.

Өзін-өзі тану сабақтарының өзіндік ерекшелігін байқататын «Шаттық шеңбері», «Армандайық», «Өзіммен-өзім», «Әңгімелесейік», «Сергіту сәті», «Сахналау», «Ойын-жаттығу», «Шығармашылық жұмыс», «Жағдаяттар кезiнде ойлану», «Бейнематериалдар көру», «Ән шырқайық, достар!», Жүректен жүрекке шеңбері», «Қорытындылау», «Үй тапсырмасы» балалардың дамытушы ортасын құруға ықпал етеді. «Жүректен жүрекке» –сабақ соңында қолданылатын оқушылардың бір-бірімен пікір алмасуы, бір-біріне жақсы тілектер айтуы немесе ән, өлеңдерді бірігіп орындау арқылы бүкіл сынып ұжымының көңіл күйін көтере отырып, өтілген сабақ мазмұнын қалай меңгергенін анықтайтын тәсіл.

Рухани-адамгершілік білім бағдарламасы бойынша ұсынылып отырған ойындардың басым көпшілігі балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке, сыйластыққа, әдептілікке, мәдениеттілікке, сыпайылыққа, ұйымшылдыққа, ұқыптылыққа, адамгершілікке, адамды құрметтеуге, жанашырлыққа үйретуді көздейді, яғни сабақтағы ойындардың өздері бала бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіруді көздейді.

Рухани адамгершілік білім – мемлекетіміздің болашағына, яғни қазіргі жас ұрпаққа жол сілтеуші міндетін атқаруы тиіс. Осындай күрделі де жауапты міндет жүктелген ұстаздар мен баланың арақатынасында ешқандай кедергі болмауы керек, олардың өзара түсіністігі, сыйластығы және бір-біріне деген құрметі көздеген мақсатқа жетудің сара жолы болмақ. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда алға қойылған негізгі міндеттер:

·         оқушылардың бойына ізгі қасиеттерді дамыту, өмірге, қоршаған ортаға оң көзқарастарын қалыптастыру, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру және оны жүзеге асуын қамтамасыз ету;

·         балалардың қоғамдағы әлеуметтік-мәдени ортамен үйлесімді байланысын, ішкі жан дүниесіндегі мәдениеттілігін, өзіне және қоршаған ортаға жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыру;

·         оқушылардың Отан, адам, өмір, денсаулық, отбасы, табиғат, махаббат, достық, еңбек құндылықтарымен таныстырып, олар туралы түсініктерін кеңейту;

·         жеке тұлға ретінде әр оқушының жеке ой-пікірімен санасып, олардың көңіл күйін, ізгі сезімдерін, рухани-адамгершілігін, қоршаған ортаға мейірімді қарым-қатынасын әртүрлі шығармашылық іс-әрекеттер арқылы өзін-өзі айқындауға басшылық жасау;

·         табиғат пен қоғам байлықтарына жанашырлықпен, жауапкершілікпен қарайтын белсенді тұлға тәрбиелеу;

·         оқушылардың азаматтық, патриоттық, мәдени қасиеттерін арттыруға күш салып, Отанын, отбасын, достарын, мектебін сүюге тәрбиелеу.

Өзін-өзі тану пәнінің балаларға, ата-аналарға, ұстаздарға берер көмегі зор, бүкіл адамзатқа өзінің жылуын сыйлап, өмірге деген көзқарасын оятып, бір-біріне деген қарым-қатынастарын жақсартып, өмірдің дұрыс жолына бағыттайды. Сонымен қатар адамның рухани жан дүниесін байытып, ішкі жан дүниесін ашауға көп көмегін тигізіп отыр.

Балалар өзін-өзі тану сабағында тек қана жақсы қатысып қоймай, бір-біріне деген сыйластықтарын білдіріп, бір-біріне жақсы тілектерді сыйлай отырып, әр сабақта өткен тақырыптан білімдерін алып қоймай, сол білімдерін өмірде қолданып жатқандарын көрсетуге тырысады. Оны байқаған мен мұғалім ретінде өзімді үлкен жетістікке жеткендей сезінемін, осы пәнге деген қызығушылығым одан әрі арта береді.

Әр баланың рухани өсіп жетілуіне, оның жанының жайлы болуына жағдай жасау қажет. Осы пән арқылы балалардың қарым-қатынасы нығая түсті, бір-біріне деген сенімділіктері артты, достықтары ұлғая түсті деп айтқым келеді.

Бұл пән көбіне ойын түрінде өтетіндіктен, оған қызықпайтын оқушы жоқ, тіпті көп сөйлемейтін тұйық оқушының өзі ойынға қатысып, тапсырмаларды ынтамен, қызыға орындайды және жетістіктерге ұмтылыс пайда болады. Сонда байқауымша, бұл пәннің жәрдемі көп екен.

Өзін-өзі тану пәнінің негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны танып, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі тану негізінде, рухани-адамгершілік әлеуетін көтеру, баланың өзіндік «Менін» қалыптастыру.

Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті.

Адамгершілік – әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы –халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.
Көрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», – дейді. Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз.

Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа – қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ.

«Мен үш қасиетімді мақтан тұтам», – депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.

«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді арман етіп: «Шыншыл, әділетті, иманды болу сонау ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз», – дейді де, жұрт сол дәстүрді бұзғандарға ат-шапан айып тартқызып, кейінгі ұрпақтың ата-салтын мықтап ұстауын талап еткен. Мәселен, атасы немересін, алдымен, елінің құтты қонысымен таныстырған. Жылдың әр мезгілінде елдің қайда, қалай көшетінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, олардың зираттарын, елдегі даңқты адамдарының ерлік хикаяларын, ауыл-аймақтағы жер-су атауларын ерінбей-жалықпай баласының санасына сіңіре білген.

«Бір бала бар – жақсы туады, бір бала бар – әкесінен асып туады» деп халық «жасық туған» баланы да жұрт қатарлы азамат болуға, «асып туған» баланың іс-әрекетін қуаттап, оны үлгі ретінде уағыздайды.

Қазақ дәстүрінде ата-анаға қызмет ету – борыш, ата салтын орындау – парыз, анасының ақ сүтін, әке еңбегін ақтау – қарыз. Жеке адамның адамгершілігі де, кісілік имандылығы да осы борыш, парыз, қарыз өтемімен айқындалады.

«Халықтан асқан ұлы ұстаз жоқ» дейтін болсақ, ұлттық рухани мұралар – ұрпақтың рухани-адамгершілік азығын жетілдіретін негізгі өзегі болмақ.

Рухани байлыққа апаратын жолдың бірі – білім, екіншісі – сол білімді пайдаға асыру. Адам алғаш білімнің құндылығына сүйене отырып, өз ортасын жақсы жағынан өзгертуге әрекет жасайды. Өйткені рухани жетілудің шыңына көтерілген адам өмірдің мәні мен мағынасын жай ғана түсініп қоймай, жер бетінде ізгілік орнатуға күш салады. Қандай да болсын адамдықты, адамгершілікті бетке ұстаған қоғамның мақсаты – әр адамды рухани байлық деңгейіне жеткізу.

Оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізілуі керек. Өзін-өзі тану пәні жеткіншекті жарық дүниеде өмір сүріп, Адам екенін терең сезінуге, адамдарға қуаныш сыйлай білуге баулиды. Жанында жүрген аяулы адамдардың бар екенін ұғынуға көмектеседі. Адамдардың сезіміне ие болу және оны ақтай білуге үйретеді. Борыш пен парызға адал болуға тәрбиелейді.

Өзін-өзі тану пәні әлемнің ең басты құндылығы – адам және адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына – ұлттық құндылықтарды меңгере отырып, баланы халқының адал ұлы, Адам деген ардақты атқа лайық болуға жастайынан үйрету қоғам талабы болып отыр.

Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға тәрбиелеу қажет. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани-адамгершілік тұрғысынан білім беру – әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатынын қабілеттерін жетілдіруді көздейді.

Бүгінгі таңда елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамның рухани күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда. Тәрбиенің басты мақсаты – әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету.

Қазіргі таңда рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын оқытатын ұстаздар өз сабақтарын әртүрлі әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдана отырып, оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін, белсенділіктерін арттыру мақсатында өткізіп жатыр.

Қай қоғамда, қай мемлекетте болсын, қарым-қатынас адами құндылықтар, оның ішінде адамгершілік құндылықтар қалыптастыру кез келген мектептің міндеті болса, баланың өзін тануына, басқаны тануына, баланың болашақ дамуына өзін-өзі тану пәні зор ықпал етеді.

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.