KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
РАМАЗАН ТОҚТАРОВ РОМАНДАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
РАМАЗАН ТОҚТАРОВ РОМАНДАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
29 апреля 2022    Автор / Г. Төкенқызы, Тұран-Астана университетінің профессоры, Т. Д. Абжаков, Тұран-Астана университетінің доценті, Нұр-Сұлтан қаласы

Адам, замандастың рухани өмірі, ұлттық мүдделер, достық пен дұшпандық, жақсылық пен жамандық, отбасылық әлем, адамдар арасындағы қарым-қатынас, мінез-құлық пен мораль және тағы басқалар Р. Тоқтаров шығармаларының өмірлік және алаңдатарлық тақырыбына айналды.

Автор жасанды жоғары пафостың алдын ала білді. Ол – өз кейіпкерлерін сүттен аққа, судан таза ұстау үшін ұмтылған жоқ. Еңбекқор жазушы тынымсыз ізденіс үстінде болды.

Автор роман жанрына батыс әдебиетіндегі шытырман оқиғалы детективтің ағымын әкелді, адамның әрекетін ол білгісі келген қатыгез психологизммен көп байланыста алынатын туындыларын жазды. Автор сондай-ақ кейіпкерлерін адами тұрғыдан өсу, даму жолын өткізетін көркемдік әдіске барынша көңіл бөледі.

Жазушы әдетінде осы даралық, негізінен, «Сусамыр» романында анық байқалып, келесі туындыларында стильдік сонылығына айналғандай сезім ұялатады. Ол – оқырман көңілін көркем әдіспен тартып алады, әр романындағы өз кейіпкерлерінің адами өсу эволюциясын жасайды.

Жазу шеберлігінің бұл ерекшелігі – әсіресе «Сусамыр» романында байқалады және оның кейінгі кітаптарында бұл стильдің жеке басын бейнелеу сияқты әсер қалдырады. Сонымен қатар Рамазан Тоқтаров қазақ жазушыларының арасында қылмыскерлер әлемін жетік білуімен, сенімді әрі романтикалық жылы лебізімен көзге түседі.

Рамазан Тоқтаровтың «Сусамыр» романында детективтік кейіпкер бар. Ол тарихы баяндау стилінде салынған. Негізгі оқиға тергеуші Мирхан Мұрын мен Үкі деген лақап атқа ие қылмыскерлерді іздегенде дамиды.

Мирхан мұнда тек заңгер ғана емес, сонымен қатар психология маманы ретінде де көрінеді. Қазіргі заман психологиясын зерттеу уақыттың әлеуметтік салмағын арттыруға, зерттеуге ықпал етті. Романда адам тағдыры суреттеледі, сюжеттік желілері шырғалаң оқиғалар қабатынан да көруге болады. Қылмыскерлерді іздеу кезінде құпия белгілердің қоғамдық субтексті байқалады. Қажетсіз, ұнамсыз кейіпкерлер аяқ астынан сүйкімді кейіпкерлерге айналады – автор оларды ойлау үшін қолданатын тәсілдердің бірі. Әр оқиғадан философиялық нәтиже табуға тырысу – детективтік жұмыстың әлеуметтік және көркемдік салмағын арттыруға бағытталған қадам. Әрине, бұл автордың шығармашылық ізденісі. Қылмыстының ізіне түсуді бүгінгі уақыттың, заманның психологиясын зерттеумен пара-пар деп санауы – туындының әлеуметтік салмағын арттыра түскен.

М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясынан кейін дана Абай туралы тақырыпқа батыл барып, «Абайдың жұмбағы» романын жазды. Абайды жаңа бір қырынан ашып, кейінгі ұрпаққа даналықты насихаттады.

Жазушы: «Абайдың 40 түрлі жұмбағы бар. Солардың жауабын іздедім», – деп естеліктерінде айтады. Біз аталмыш кітапты қай тұрғыдан қарастырсақ, бұл – ізденіс күйін кешкен, жұмбақтарға толы инновациялық роман. Абайдың ой теңізіне ынтамен ескек салған ұлы тұлғаның, даналықтың бар екенін көреміз.

Ол – әрқашан үстемдік ете алды және романның ерекшелігі сол, автор өмірде олай болмағанын біле тұра, Абайды Кенесарымен кездестіреді. Ұлы тұлғаларды жүздестіреді. Айталық, Шоқанмен Абайды да кездестіреді. Автор астарлы қиялының негізінде алдына қойған идеяларына қол жеткізе алды.

Көркем шығармадағы көркемдік тәсілге де селсоқ қарауға болмайды. Абай ақынның «Өз қолынан енді өз ырқы» кеткен шағы, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп елдің халі, елдің күйі, тағдыр-талайы туралы терең ойланып, күңірене толғанған дана Абайды романнан көреміз. Жазушы тұспалдап мына ойды жеткізген: «Кекілік тауда шаһид кешкен Кенесарымен бірге қарумен қаржасудың, найза ұшының заманы өтіп кетті, ендігі жерде қазаққа іштен байып қайта түлеу, өз надандығымен күресуі ғана қалды». Тек осындай күрес жолы ұлттың ұлы идеалын жеткізе алады. «Абайдың жұмбағы» романы жаңашылдығымен Р. Тоқтаровтың сөзсіз жетістігі болды.

Абай ауданындағы «Көкбай», «Құндызды», «Абай» совхозы жақтарды аралағаны, Рамазан Тоқтаровтың «Абай жұмбағы» романын жазуға материал жинағаны жайлы деректер бар. Автор Қодардың азапты өлімін Абай емес, Абайдың ағасы көріп, Құдайберді бойына дертті сырқат жабыстырғаны жөнінде айтады.

Рамазан Тоқтаров «Абай жұмбағында» Құдайбердіні Қодар мен келініне арашаға түсіру үшін апару себебін айтып өтеді. «Мұқаң бұл жағдайды білмеді емес, білді. Тек оған Құдайберді керек емес. Құдайберді де Халиолла да емес, бір ғана Абай керек. Бір ғана Абайды ұсынады. Абай ғана болуы керек ол арадағы дүние кіндігі», – дейді Р. Тоқтаров.

Қысқасы, Рамазан Тоқтаровтың «Абай жұмбағы» шығармасы қазіргі қазақ әдебиетіне қосқан маңызды үлесі болып табылады.

Жоғары деңгейдегі өнер дегеніміз – ұлы Абайды өз заманының жарқын оқиғаларымен және қазіргі оқиғаларымен табиғи түрде үйлестіре отырып, мазмұнға бай нағыз суретші жасаған шедевр. Рамазан тілінің байлығы, сурет салу шеберлігі, кейіпкерді бейнелей білуі оқырманды ерекше таңдандырады. Сондықтан бұл үлкен туындыны Абай атындағы мемлекеттік сыйлығымен марапаттау өте орынды болды.

Екі жыл бойы жазылған «Бітеу жара» роман-эссесі автор рухының ғаламат биіктігін, Қасым Аманжолов айтқандай, «солдаттың етігіндей» жазушы жанының төзімділігін, шыдамдылығын көрсетті. Бұл – роман-эссе жанрлық жағынан ерекше, қазақ әдебиетіне қосылған жаңашылдық, шерлі әрі нұрлы роман.

Роман-эсседе естелік жазбалар, автор күнделігіндегі өмірбаяны, оның қасіреті, өмірінің соңғы сағаттары қалып, дәм-тұзының таусылар сәтінің қалуы, өткен өмірі, көрген қиыншылықтары, тағдырында кездескен түрлі қиянаттар, алған білімі мен ұлағаты, жарқыраған жастық кезеңінің жарқын сәттер және оған куә достары мен ақын-жазушылар, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменовтей достары, Айқын Нұрқатов ақылшы ағалары, ұстаздары туралы шынайы сырлардың терең философиясы оқырманын толғандырып, қызықтырып, ойландырып, жанына бір аңсар мұң құяды.

 «Бітеу жара» романында М. Әуезовтың «Абай жолы» романымен «Абайдың жұмбағы» романындағы кейбір айырмашылықтарды автор өзі айтып кетеді. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында барлық надандық, қараңғылықты өз халқының басына үйіп-төгіп береген себебін де аңғартады. «Біріншіден, Абай орысқа жүз жерден кіріптар болсын, бұлай таусылып сөйлемейді. Оған ақылы да жүрегінің әділеті де толық жетеді. Сахара төрін қақ жарып өтетін, қазақ елінің күретамыры секілді Ертіс неге орыстың өзені болады? Мәскеуді не Рязаньды айналып өтсе, бірсәрі екен. Сосын тастан тамыр өндіріп отырған бақташы, жылқышы қазақ бейнетқоры қалайша «еңбек саумайтын елге» жатады? Орысқа шейін қазақ киім кимей жалаңаш, үйге кірмей айдалада баспанасыз, тағы аңдар құсап қаңғып жүрді ме? Мұхаң кезеңінде мұны айтып бетіне басқан адамдар көп болды», – дейді автор.

Ұлы жазушының операцияға барар кезінде, өмірінің соңғы сәтінде «Әй, Мұхтар, Ертіс қашаннан бері орыстың өзені болып еді? Еңбек саумайтын ел болсаң, сенің мыңғырған төрт-түлік малыңды кім бағып, ұқсатып келді?», – деп жер-жебіріне жетіп хат жазған Әлімхан Ермековтың хатына жауап бере алмағанын есіне алуы «ол көркем шығарма еді ғой. Абай оны ызамен, ой салу үшін айтты» деу арқылы М. Әуезовті осылай жазуына себепкер еткен қоғам екенін аңғартқандай... «Барма, түспе ана кәпірдің балтасының астына! Жаңғырыққа өзің басыңды төсеп жата қалғың келіпті ғой. Тілімді алсаң, оны жасама!...» дегізуінің де астарлы мәні бар сияқты. М. Әуезовтің операция үстелінен тұрмауы дәрігерлердің кінәсі немесе саясат деген ел арасындағы айтылып жүрген жайттардан да хабар бергендей.

Тарихи өткен заман шындығын, тарихи тұлғаның мінезін қазіргі қоғам тұрғысынан тану және бағалау автордың эстетикалық объектісін ғана емес, шығарманың концепциясын жасаудағы жаңа көркемдік жетістіктерге негізделген шығарманың тұжырымдамасын да нақтылайды, тарихи тұлға тағдырын жасауда көркемдік тың жетістіктерге әкеледі. Сонымен тарихи өткенді және тарихи тұлғаның өмірін бейнелеудің тарихи принципі, суреттеудің эстетикалық объектісі және автор тұжырымдамасы өзара байланысты және күрделі көркем тұтастыққа айналады. Бұл процесс жанр табиғатына сәйкес Рамазан Тоқтаровтың жұмысында орын алды. Шығарманың тағы бір айрықша ерекшелігі – тарихи деректер мен тарихи дерек көздерін шығарма арқауына қосу. Автор өзінің шығармашылық қиялы, көркемдік концепциясы мағынасында жоғары көркемдік объектіге ие екендігі айқын. Автордың көркемдік объектісін ашуға қызмет ететін әртүрлі көркемдік факторлар бар.

Жазушы «Бітеу жара» деректі роман-эссесінде «Абай жұмбағы» романына материал жиннау іздену үстіндегі жайттарды жазып кетеді. Ауыл аралап ақын өміріне қатысты жайттарды көшкен жұртта қалған ошақтың сөнеген отының өшер өшпес болып жатқан ұшқынын үрлегенмен тең, материал жинайды.

Тахауи Ахтанов, Нұтфолла Шәкенов туралы деректер кездесіп қалады. Тарихи деректер қамтылған бұл роман эссесінде Жүсіпбек Аймауытов туралы, репрессия құрбаны М. Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова мен Ж. Аймауытовтың Ресейге жазықсыз жер аударылып кеткен ұлы Бектұрмен ұлының кездесу туралы оқып білеміз.

Шәкәрімді атты деген Қарасартов туралы да айтып өтеді. Ж. Аймауытовтың ұлының еске алуы арқылы Қарасартов туралы ақпарат аламыз. Бектұрдың әкесін еске алуы арқылы Ж. Аймауытовтың балаларына домбыра, сырнай ойнап беріп, өнерге баулығаны туралы баяндалады. Бектұрдың баяндауынан кейін Р. Тоқтаров романында Ж. Аймауытов пен Голощекиннің кездескені туралы жазып кетеді. «Ақбілек» романындағы қара мұрт портреті тура Голощекин портреті екенін, жазушының ақталуына аз қалғанда Голощекиннің кедергі жасауы туралы жазады. Сонымен қатар Ж. Аймауытовтың тайсалмай Голощекин жасағалы отырған «кіші Октябрі» қазақ даласына жасалған қастандық екенін өзіне айтуы туралы деректерді жазады. Ж. Аймауытов Голощекин атқан оқтан мерт болады.

Бұл романның ерекшелігі сол, жазушы тек қазақ әдебиеті өкілдері туралы ғана емес, әлем классиктері жайлы деректерді келтіріп отырады. Француз жазушысы Альбер Камодың «Келімсек» романынан мысалдар келтірсе, енді бірде Лев Толстойдың шығармаларын есіне алады. С. Шаймерденовтың сынына «Стиль адамның өзі» деген Бюффон деп жауап беруі, «Өзі болмай, бойына ғылым нәріне сіңірмей жатып «стилін тапқан» жазушыны мен өзім көрген емеспін деуі», – автордың өзіне зор талап қоятынын байқатады.

Стендальдың «Парм монастріндегі» сарай ішінде жүріп жататын түрлі сорақы қылықтарды аяусыз әшкере ететінін, Мопассанның шығармаларының сюжетінен мысалдар алуы – жазушының батыс әдебиетін жақсы білетіндігінің белгісі. Жазушы ол шығармаларды өз еңбегіндегі жайттарды ашарда салыстыру мақсатында қолданады. Қалай дегенмен жазушы бар білімін орынды пайдалана білген. Жазушы шеберлігінің бір қыры осыдан көрінеді.

Мопассан: «Мен адамның жекебас тіршілігін зерттеу арқылы қоғамның катаклизмін сөз етуге тырысамын», – дейді.

«Алдында өткен мықтылардан соң, жазатын ештеңе қалмады ма екен, Марсель Пруст өзінің үй-ішімен жақын-жуық айналасының ұсақ та күйкі тірлігін көрсету арқылы Франция қауымының Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы өмірін үлкен панорамалық дәрежеде көрсетіп, әлемді өзіне тәнті ете білді», – деп бағалауы сыншылдық қабілетін көрсетеді. Жазушы деректерді жай қолдана салмайды. Өз өміріндегі жайттарды бағалау мақсатында салыстыру арқылы хабарлау мақсатында жұмсайды.

Бұдан шығатын қорытынды – әдебиетті күшті қаламгер емес, соны билеп тұрған ұлы дәуір жасайды. Жазушы бұл жерде дарынды орындаушы ғана. Бальзак та «Мен қоғамның қатардағы хатшысымын» дегенде соны айтқысы келген шығар. «Стендаль мен Бальзакты дүниеге Наполеон заманы тудырды. Пушкин мен Гоголь, Толстой мен Достоевскийлер тасқыны Россияның елін жаудан азат еткен қаһармандық жылдарына дөп келді», – дейді автор. М. Горькийдің «Менің университеттерім», Михаил Шолоховтың «Тынық Доны» жайлы да айта келе, еліктеп үлгі тұтып жазу керек деген ойын айтады. Марк Твеннің «Том Сойер», «Геккельбери Финнің басынан кешкендер» еңбектері және немістің Мюнхаузені туралы айтылады, Джордано Бруноның «Жер күнді айналады» туындысынан мысалдар келтіріледі.

Ағылшын сатиригі Бернард Шоу шығармаларын Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасымен салыстырады.

Романда автор өзінің еңбектеріне жасалған сынды өз таразысына салады. Осы таразылау сәтінен автордың жалған мақтауға, кеңестік дәуірдегі озат механизатор мен озат сауыншылар туралы жылтырақ шығарма жазуға жаны қас екенін аңғарамыз. «Ғасыр наны» шығармасына сын айтқан Жұбан Молдағалиевтің орыс тілінде жасаған баяндамасындағы сынға автор қарсы пікірді. «Механизатордың өмірі» деген қандай өмір – ол? Оны білу үшін техника құлағында ойнау керек қой. Біздің көргеніміз – тыңға келгендердің басым көпшілігі «оннан қашқан, мұннан қашқан» әйтпесе тіпті түрмеден шыққан «бас бұзықтардың» нақ өзі. Олар келе сала бейбіт жатқан елге қырғидай тиіп, талай «көз көріп, құлақ естімеген» сойқан қылықтарға барған» деп ащы шындықты жайып салады.

«Ғасыр наны» романында халықтар достығына нұқсан келетін зиянды саяси фактілер орын алған деп сыналады. «Тусырап жатқан далаға жаппай түскен түреннің еңсесін енді ғана көтеріліп келе жатқан халықтың жүрегіне айықпас жара салғаны да ешкімге құпия емес еді ғой», – дейді қаламгер.

Жазушымен бірге ол елдің тағдыры туралы ойланып, қазақ даласына келген жаңа өмір сипатын көреміз. Өмірдегі тартысты көреміз. Жазушы шығармаларының өмірлік маңызы зор, тәрбиелік мәні зор екені белгілі. Өмірде көп нәрсені көретін және бастан кешіретін талантты адам жазған шығарманы оқи отырып, әр оқырман өмірдің жаңа аспектілері туралы мағлұмат алады.

Халық тарихын, адамдардың өмірін, олардың, тарихи тұлғалардың бейнесін, ұлттық өміріміздің жарқын, есте қаларлық суреттерін көреміз, тарихқа терең үңіліп, суретшінің қарындашпен салған өмір иірімдеріне қанығамыз.

Қорытa келгенде, Р. Тоқтаров – әдебиетте өз орнын алған жазушы. Р. Тоқтаров романдарының тілі мен стилінің өзіндік шығармашылық ерекшеліктері бар. Авторлық стиль ұғымына оның жанды тілі, сөйлем құрылымы, оқиғаны дамытуға бейімділігі, тақырыпты іздеу және т.б. тілдік ерекшеліктері жатады. Бұл автордың өзіндік стильдік ерекшеліктерін және оларды қабылдау қабілетін ашатын оқиғалар мен құбылыстарды бағалауынан туындайды.

Әлемдік әдебиеттің үздік үлгілері авторлық бейнені жасауда, сюжетті дамытуда және шығарманың құрылымында көрінеді.

Әдебиеттің танымдық күші мол. Оның дағдылы шекаралары немесе соңғы нүктелері жоқ. Кез келген суретші белгілі бір ортада, әлеуметтік ортада өседі. Оның дүниетанымы, көзқарасы және талапшыл табиғаты неғұрлым жетілген болса, оның шығармашылық мұрасының көкжиегі кеңейіп, мәні тереңдей түседі.

Кез келген жазушы – өз заманының перзенті. Оның мұрасы өткенді бақылап, болашаққа жол ашады. Ал олардың туындыларын бағалау – болашақ ұрпақтың еншісінде. Р. Тоқтаровтың шығармашылық мұрасының құндылығы уақыт өткен сайын тереңдей түседі.

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.